29
January
2026
«Балаңа уақыт арна» тақырыбында ата-аналар форумы өткізілді.
Іс-шараға мектеп әкімшілігі, аудандық білім бөлімінің әдіскері, ауыл ақсақалдары, сынып жетекшілері, психолог, әлеуметтік педагог және ата-аналар қатысты.
Форумның ашылу бөлімінде тәрбиелік мәні зор монолог орындалды. Монологта баланың ата-анаға деген ішкі үні, мейірім мен назарға деген қажеттілігі көркем сөз арқылы жеткізіліп, ата-аналарды терең ойға жетеледі. Бұл бөлім ата-аналардың бала тәрбиесіне деген көзқарасын қайта қарауына ықпал етті.
Форум барысында «Балаға уақыт арнау – болашаққа салынған инвестиция» тақырыбында мазмұнды баяндама жасалып, ата-аналармен ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Ата-аналар өз тәжірибелерімен бөлісіп, бала тәрбиесінде кездесетін қиындықтар мен оларды шешу жолдары талқыланды.
Сонымен қатар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында қоғамға қауіп төндіретін лудомания, вандализм, ысырапшылдық, нашақорлық және тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты жағымсыз құбылыстардың алдын алуда отбасының рөліне ерекше тоқталды. Баланың бойына ұлттық құндылықтарды дарытудың маңыздылығы атап өтілді.
Форумның тәрбиелік-тағылымдық бөлігінде ұлттық салт-дәстүрді насихаттау мақсатында «тұсау кесу» рәсімі өткізілді. Бұл рәсім бала тәрбиесіндегі дұрыс жолды таңдау, адалдыққа, жауапкершілікке бастау ұғымымен байланыстырылып, ата-аналарға терең мағыналы ой салды.
Іс-шара барысында өзге ұлттардың бата беру рәсімі мен ұлттық өнері көрсетілді, мектеп оқушылары хормен «Ана» туралы ән орындады.
Форум соңында ата-аналарға балаға күнделікті кемінде 10–15 минут сапалы уақыт арнау, баланы тыңдай білу, отбасындағы жылы қарым-қатынасты нығайту жөнінде ұсыныстар берілді.
Өткізілген форум ата-аналардың тәрбиелік жауапкершілігін арттырып, бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға оң ықпал етті.